Облыс әкімі Айдарбек Сапаров Петропавлдағы өндіріс ошақтарын аралады. Өңір басшысы кәсіпкерлердің түйіткілді мәселелеріне құлақ түріп, кәсіпорындардың алдағы жоспарларымен танысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Алдымен Айдарбек Сапаров «Сұлтан» диірмен-макарон кешенінде болды. Күніне кәсіпорында 100 тоннаға дейін макарон өнімі шығарылады. Қажет болған жағдайда бұл көрсеткішті 200-ге дейін жеткізуге мүмкіндігі бар.
– Өңір кәсіпкерлері халық тұтынатын көлемнен асырып макарон шығарады. Бірақ соған қарамастан бағасы шарықтап тұр. Мәселен, соңғы бір апта ішінде келісі 30 теңгеге қымбаттады. Зауыттар мен фабрикалар облыста орналасқан. Бидай мен ұн арзандап жатыр. Осы ретте не себепті макарон өнімдері қымбаттап жатыр деген сұрақ туындайды. Бағаны тұрақтандыру үшін сіздерден сауда орындарының құнын қоспай бізге төмен бағамен сатуларыңызды сұраймын, – деді СҚО әкімі.
Кейін өңір жетекшісі «Рахат опт» жарма өңдеу кәсіпорнында барды. Айдарбек Сапаров тұрақтандыру қорына қарақұмықты өндірушіден килограмын 300 теңгеден сатып алуға болатынын айтты. Ал «Eurasian Milk» ЖШС-ы – сүтті өңдейтін зауыт. Кәсіпорынды қайта құрудың бірінші кезеңінен кейін өндіріс ошағында тәулігіне 180 тоннаға дейін сүт өңдеуге мүмкіндігі бар. Қазіргі күні мұнда күніне 70-тен 100 тоннаға дейін сүт жеткізіледі. Былтыр ірімшік өндіру желісі іске қосылды. Бүгінгі таңда оның жылдық қуаттылығы 2,5 мың тоннадан асады.
«Зенченко и К» командиттік серіктестігінің өнімдері Қазақстан аумағында ғана емес, одан тыс жерлерде де үлкен сұранысқа ие. Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында сүт өңдеу кәсіпорнына да барды. Мұнда жылына 45 мың тоннаға жуық сүт өңделеді.
– Облыстағы тауарлы-сүт фермаларының санын көбейту қажет. Заманауи етіп салған жөн. Жүктемені кем дегенде 90%-ға жеткізсек те көңілге қонымды. Нәтижесінде зауыттарымызға түсетін шикізат көлемі де артады, – деді Айдарбек Сапаров.
Ал «КазМясоПродукт» ет өндеу кешенінде піскен шұжық, жартылай сүрленген шұжық өнімдерін және жылқы, сиыр және шошқа етінен түрлі өнім шығарады. Бүгінгі күні мұнда дайын өнімнің жүзден аса түрі дайындалады. Өндіріс орнының қуаттылығы айына 90 тоннаны құрайды. Кәсіпорында 100-ден аса маман еңбек етеді. Соған қарамастан кадр жетіспеушілігі мәселесі әлі өзегін жойма отыр. Айдарбек Сапаров бұл мәселені шешу маңызды екенін атап өтті.