Білім беру саласының мамандары демалыс күндері арнайы жобаға қатысып, екі күндік сауықтырудан өте алады. Мұғалімдердің денсаулықтарын жақсартуға арналған бағдарламаға 500 маман қол жеткізе алады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі Qyzyljar.tv арнасына сілтеме жасап.
Сауықтыру жобасының ұйымдастырушы – облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы.
Екі күнге шақталған жоба аясында мұғалімдер мен мектептің басқа да қызметкерлері демалып, оңалтудан өтеді. Олар шаңғы, коньки теуіп, спорттың басқа түрлерімен де айналыса алады. Жоба аясында өңірдің 10 ауданындағы 150-ден астам білім беру мекемелерінің қызметкерлерін қамту жоспарланған.
— Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің бастамасымен, демалыс күндеріндегі сауықтыру бағдарламасы бойынша біз жұмыс атқарып жатырмыз. Соның бірінші бөлімінде Мамлют ауданының кәсіподақ мүшелері демалса, екінші бөлімінде Қызылжар ауданынан 16 кәсіподақ мүшелері демалып жатыр, — дейді СҚО білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ бас маманы Жандос Базарбаев.
Іс-шараға Петропавлдың ұстаздары да қатысады. Шаһарда кәсіподақ мүшелеріне фитнес орталық пен аквапаркке барып, демалуға мүмкіндігі бар. Жалпы жоба аясында 500-ге жуық қызметкер қамтылады деп жоспарланған. Айта кетейік, бүгінде білім саласында 26 мыңға жуық кәсіподақ мүшесі бар.
Фото: ашық дереккөздерден