С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада 19 наурызға тағайындалған Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлауын жоғары деңгейде ұйымдастыруға және өткізуге арналған көшпелі семинар өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жиынды облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Сақыпкереев кіріспе сөзбен ашып, саяси науқанның маңыздылығына тоқталды. Ал Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Перов биылғы кезектен тыс Мәжіліс және мәслихаттар сайлауының ерекшеліктеріне, заңнамадағы жаңалықтар туралы айтты.
– Конституцияға енгізілген өзгерістерге байланысты алдағы Мәжіліс пен мәслихаттарға депутатттар сайлау жаңа форматта жүзеге асырылады. Алғаш рет мажоритарлық, аралас жүйе бойынша өткелі отыр. Мұның өзі саяси партиялар мен жекелеген үміткердердің өзара ашық та адал бәсекелестігіне зор мүмкіндіктер тудырары сөзсіз, – деді Константин Перов.
Естеріңізге салсақ, сайлауға қатысатын депутаттыққа үміткерлер ақпанның 18-нен бастап, үгіт-насихат жұмыстарын бастап кетті.
– Облыстан ҚР парламенті Мәжілісіне депутаттыққа 13 үміткер, ал облыстық және қалалық мәслихаттарға 53 кандидаттан тіркелді. Аудандар бойынша 450 кандидат саяси науқанға қатысады, – дейді облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Сағындық Мауғазин.
Жиында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила Мұстафина мүмкіндіктері шектеулі азаматтар мен азаматшалардың сайлау құқықтарын қатаң сақтау, электораттық оқытуды ұйымдастыру, сайлау комиссияларының, олардың мүшелерінің құзыретіне жиналғандардың назарын аударды.
Облыстық әкімдіктің аппарат басшысы Олжас Ыдырысов жергілікті жерлердегі сайлау науқанына материалдық-техникалық және әзірлік жағынан толық қамтамасыз етілгенін баяндады. Дауыс беруге қабылетті 2 мыңға жуық мүгедектің 600-не жүріп-тұруын жеңілдететін пандус қойылған. Көзі кем, құлағы ауыр еститін және мылқау жандар үшін барлық қажетті жағдай жасалған.
Облыстық прокуратураның басқарма жетекшісі Жаслан Смағұлов басты міндет—сайлау кезінде заңсыздықтар мен бұрмалаушылықтарға жол бермеу, алдын алу, ондай келеңсіз оқиғалар орын алған жағдайда құқықтық баға берілетінін, олқылықтар бірден түзетілетінін, әзірге ешқандай заң бұзушылық тіркелмегенін жеткізді. Арнайы құрылған штаб пен жедел топ мүшелері жұртшылық арасында заң нормаларын түсіндірумен айналысуда. Мониторинг жүйелі түрде жүргізіледі. Кезекшілік тәулік бойы жұмыс істейді.