Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Петропавлда мектеп оқушыларын балтамен жаралаған жасөспірімді қамауға алудың себебін түсіндірді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
— Осы оқиға бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдікті жасөспірім қамауда отыр. Сондықтан анасы баланың өкілі ретінде танылды. Тергеу кезінде ол қылмысқа не себепті барғаны, бұл оқиғаның деректері егжей-тегжейлі анықталады. Атап айтқанда, аса ауыр қылмыстар үшін қамауға алу шарасы қарастырылған, — деді Марат Қожаев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 13 ақпан күні Петропавлда 9 сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ ала келіп, 3 оқушыны жарақаттады. Кейін зардап шеккен екі балаға ота жасалды. Ресми емес ақпаратқа сүйенсек, мектепке қаруланып келген бала психиатриялық есепте тұр. Осы әрекеті үшін бұл оқушы 2 айға қамауға алынды