СҚО кәсіпкерлер палатасының басшылығы Қазақстандағы Францияның елшілік өкілдігінің басшысы Фредерик Фатумен кездесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облысқа жұмыс сапарымен келген Францияның елшілік өкілдері кәсіпкерлер палатасы басшысымен кездесіп, өңірімізбен экономикалық байланысты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Кездесу барысында жергілікті бизнесмендердің шетел мемлекетімен ынтымақтастығы мәселелері талқыланды.Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Бекеевтің айтуынша, Франция Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі болып табылады.
— Еуропадан қиыр шығысқа жүк ағынының 70% – ы біздің облыс арқылы өтеді. Сондай-ақ Ресей Федерациясының үш өңірімен – Омбы, Қорған, Түмен және біздің үш облысымыз -Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстарымен тиімді шектеседі. Өңірімізде агроөнеркәсіптің дамуы бірінші жолға қойылған соң мұнда ауыл шаруашылығы белсенді дамып келеді. Облыста 4,3 млн. га егіс алқабы бар, оның ішінде 3 млн.га дәнді және 1 млн. майлы дақылдар, — деп атап өтті Тимур Бекеев.
Өз кезегінде Қазақстан мен Қырғызстан бойынша экономикалық өкілдіктің басшысы Фредерик Фату Қазақстан-Франция экономикалық қатынастарына жаңа серпін беруге ниетті, бірлескен жобаларды қаржылай қолдауға дайын екенін атап өтті.
— Біз экономикалық блок бойынша министрлеріміздің тиімді сапарларын ұйымдастырып, сонымен бірге қазақстандық серіктестермен француз компаниялары тартылған жобаларды қолдау үшін біздің қаржы құралдарымыз — гранттар мен несиелерді енгізуге тырысудамыз. Бүгінгі таңда Қазақстанда бірлескен ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамыту үшін үлкен әлеует бар деп санаймыз, – деп атап өтті Фредерик Фату.
Тараптар жергілікті бизнеске де, француздарға да қызықты болатын барлық байланыс нүктелерін талдауға және екі тараптың да мүдделілігімен экономикалық миссиялар жүргізуге келісті.