Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының міндетін уақытша атқарған (ҚАЖД) Берік Біләлов ұсталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің хабарлауынша, Берік Біләлов Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығы болып ресми түрде тағайындалмаған, ол тек бірнеше ай департамент басшысының міндетін атқарған. Сонымен бірге комитет СҚО-ға Берік Біләлов екі айға іссапарға жіберілгенін және бір апта бұрын ол жақтан қайтып келгенін мәлім етті. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті қазіргі таңда оның ұсталғанын растап отыр. Дегенмен ведомство ұсталған сәтте оның қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде жұмыс істемегенін атап өтті.
Айта кетейік, СҚО бойынша ҚАЖД бастығының міндетін атқарушы қызметіне Берік Біләлов 2022 жылдың қараша айында, колонияда бір тұтқын екіншісін мерт қылған жағдай орын алғаннан кейін тағайындалған еді. Ал сол кезде өңірдің Қылмыстық-атқару жүйесі департаментін басқарған әділет полковнигі Рустан Ахметжанов қызметінен босатылған болатын.
60 жастағы Берік Біләловтің полиция генерал-майоры атағы бар. Еңбек жолын ол 1990 жылы учаскелік полиция инспекторы қызметінен бастаған. Әр жылдары Солтүстік Қазақстан облысының ІІБ, ІІД-де басшылық қызметтер атқарған. Сондай-ақ СҚО, Ақмола облысының полиция департаменттерін, ІІМ Криминалдық полиция комитетін басқарған. ІІМ-нің орталық аппаратында жұмыс істеген. Сонымен қатар Ұйымдасқан қылмыспен және ТМД аумағындағы өзге қылмыстармен күресті үйлестіру бюросында өкілетті өкіл болған.