Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Ринат Елжасов жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Әкімдіктің кезекті отырысында жаңа басшыны өңір басшысы Айдарбек Сапаров таныстырды.
– Ринат Елжасов 43 жаста, Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. Көкшетау университетін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша бітірген. Мемлекеттік қызметте 2003 жылдан статистика басқармасының жетекші маманы қызметінен бастаған. Әр жылдары Есіл ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы, еңбек және әлеуметтік әріптестік бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді. Ішкі саясат бөлімін, осы ауданның халықты жұмыспен қамту орталығын басқарды. Петропавл әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімінің бастығы, бас инспектор, облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің меңгерушісі болған. 2014 жылдан бастап осы тағайындауға дейін жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды, – деді облыс әкімі.