Биыл «Көктем – 2023» командалық-штабтық оқу жаттығулары Петропавл қаласынан басталды. Облыстық жиынға 350 арнайы техника мен 850-ге жуық маман жұмылдырылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыс орталығының «Жас өркен» шағынауданында өткен оқу-жаттығу барысында төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы сөз сөйлеп, су тасқынын болдырмауға бағытталған шаралар туралы айтты. Оның сөзінше, биыл қала және өңір жолдарын қардан уақтылы аршу маңызды.
– «Көктем – 2023» оқу-жаттығулар жиыны наурыздың 2-нен 3-і күндері аралығында өтеді. Табиғаттың тосын сыйына әр қызмет дайын болуы шарт. Ең бастысы адам өміріне қауіп төндіретін факторларды алдын алу, қардан барлық аумақтарды тазарту. Биыл өңірде су басу қауіпі жоғары 42 елді мекен бар. Олардың басым бөлігі Қызылжар, Есіл аудандарында шоғырланған. Сондай-ақ Есіл өзені маңындағы ауылдардың қауіпсіздігі басты назарымызда болады, – деді СҚО ТЖД бастығы Рамиль Камалов.
«Көктем – 2023» командалық-штабтық оқу жаттығулар барысында Петропавлдың кәріз желілері мен суағарлар тазартылды. Олардың ұзындығы шамамен 200 шақырымды құрайды.