Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингіде ӘМСҚ» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы Қарлығаш Ілиясова облыста 100 мың адам сақтандырылмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі mtrk.kz сайтына сілтеме жасап.
Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің пайда болғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Қазір ақ халатты абзал жандар жәрдемнің бірнеше түрін осы жүйе аясында тегін ұсынады. Әрине, халықтың бәріне бірдей емес. Тұрақты түрде жарна аударғандар, яғни “сақтандырылған” мәртебесіне ие отандастарымыз ғана дәрігерлердің ақысыз негіздегі көмегіне жүгіне алады.
– Ағымдағы жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша СҚО-да сақтандырылғандар саны 434 556 адамды немесе облыс халқының жалпы санының 81,4%-ын құрады. Қазақстан бойынша көрсеткіш – 82,5%. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 01.01.2023 жылы халық саны 534 024 адамды құрады. Бүгінгі күні СҚО-да сақтандырылмағандар үлесі 18,6% немесе 99 468 адамды құрайды,- деді «ӘМСҚ» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы Қарлығаш Ілиясова.
Былтыр өңірімізде сақтандырылмаған адамдардың саны 109 мыңның үстінде болыпты. Демек, 1 жыл ішінде 9835 жан “сақтандырылған” мәртебесіне ие болған. Журналистермен жүздесуде сала өкілі төлемдердің көлемі өзгергенін де баян етті.
– Жұмыс берушілер қызметкерлер үшін жалақының 3% көлемінде төлейді. Яғни жұмыс берушінің ең жоғары мүмкін шегерімі айына 21 000 теңгені құрайды. – Облыстың қалалары мен аудандары бойынша сақтандырылмаған азаматтардың ең көп үлесі Петропавл қаласында тұрады – 46 943 адам. Ауылдық округтер бойынша Тайынша ауданында – 8994 адам, Айыртау ауданында – 6895 адам, Мағжан Жұмабаев ауданында – 5593 адам сақтандырылмағаны анықталды,-деді Қарлығаш Ілиясова.
Сондай-ақ Қарлығаш Ілиясова жүйедегі өзгеріспен де бөлісті. Қазір кез келген отандасымыз 3 күннің ішінде “сақтандырылған” мәртебесін иеленіп, тегін қызметке иек арта алады екен. Ол үшін қорға бір жылдық аударымды бірден жасау қажет. Оның көлемі 42 мың теңгені құрайды.