Петропавлдағы «Қалыңдық үйі» кезекті рет қалыпқа келтіріледі. Бұл мақсатқа 238 млн. теңге жұмсалмақ, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының жетекшісі Досбол Әбдірисовтың айтуынша, «Қалыңдық үйін» қайта жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжат дайын. Бүгіндері тиісті жұмыстарға бөлінетін қаражаты бекіту үшін бұл сұрақ облыстық мәслихат депутаттарының қарауына жіберілді.
– 238 млн. теңге аз қаражат емес. Бұл жұмыстарды бастау үшін халық қалаулыларының шешімі қажет. Сондай-ақ басқармасымен тиісті хат Мәдениет және спорт министрлігіне жіберілді. Мүмкіндік болса, республикалық бюджеттен бөлінген ақшаға жөндеу жүргізіледі, – деді Досбол Әбдірисов.
2013-2016 жылдары шатырды күрделі жөндеуге, кіреберіс жерді қалыпқа келтіруге, «Қалыңдық үйінің» қасбеті мен ішкі бөлмелерін жөнге келтіру мақсатында 60 млн. теңге жұмсалғанын айта кеткен жөн.