Петропавлда 4-қабаттағы пәтердің терезесінен секірмек болған ер адамды құтқару үшін арнайы операция ұйымдастыруға тура келді. Нәтижесінде құтқарушылар альпинистік жабдықты қолданып, қала тұрғынын аман алып қалды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz «ҚазАқпарат» сайтына сілтеме жасап.
Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 2 наурыз күні кешқұрым болды. Ведомствоның жедел кезекшісіне хабарласқандар Петропавлдағы Береке ықшамауданындағы көп қабатты үйлердің бірінің 4-ші қабатынан ер адамның секірмек ниетте екендігін айтқан.
Жедел-құтқару отряды келгенде жігіт 4-қабаттағы пәтердің терезе жақтауында отырған. Құтқарушылар, полицейлер және тұрғындар құтқару кенебін жайып, астында тұрды.
– Ол жат қылық көрсетті, бетімен сөйлеп, терезеден секіремін деп қорқытты. Біресе жақтауға мінді, қайта түсті. Төменгі пәтерде және жерде тұрған полицейлердің сөзіне құлақ аспады. Сондықтан жылдам қимылдау қажеттігін түсіндім. Альпинистік жабдықты алып, бесінші қабатқа көтерілдік. Пәтер иелері түсіністік танытып, бізді кіргізді. Менің алдымда бесінші қабаттың терезесінен төртінші қабатқа түсіп, ыңғайлы сәтте терезедегі жігітті жылдам ішке итеріп кіргізу міндеті тұрды. Ойым жүзеге асып, ішке құлаған жігітті полицейлер ұстап қалды, — дейді құтқарушы Айбол Отарбаев.