Өткен демалыс күндері футболдан ел біріншілігі басталды. Петропавлдық «Qyzyljar» командасы Қызылорда қаласында «Қайсар» клубымен кездесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бұл кездесуде жалғыз гол соғылды. Авторы – Рафаэль Сабино дос Сантос. Биыл қызылжарлықтар сапына қосылған ойынша матчтың 19-шы минутында мергендігімен көзге түсті. Бұл жерде допты айып алаңынан шығаруға тырысқан қайсарлық ойыншы қателескенін де айта кеткен жөн.
Бұдан кейін жерлестерімізде есепті еселеуге бірнеше мүмкіндік болған. Бірде доп қақпадан қиыс кетіп жатса, енді бірде қақпашының қолынан табылды. Алаң иелері де қарап қалмай, қауіпті шабуылдармен жауап қатты. Дегенмен матчтың соңына дейін есеп өзгерген жоқ. Осылайша біріншіліктің алғашқы 3 ұпайы «Qyzyljar» клубына бұйырды