Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов депутат Гүлмира Кәрімованың өліміне қатысты тергеу туралы пікір білдірді,деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Сенат кулуарында журналистер ІІМ басшысына сенатордың өлімі туралы сұрақ қойды. Сұрақтардың қойылуына соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде өлім дерегінің тіркелуі себеп болған.
— Бүгінде Қазақстанда соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі бар. Яғни, өлім себебі зорлық-зомбылық болса да, болмаса да — барлық мәлімдеме тіркеледі. Тосыннан, зорлық-зомбылықпен немесе басқа да өлімнің себебін анықтау үшін арнайы зерттеулер мен сараптамалар жүргізіледі. Ешқандай іс қозғалған жоқ. Факт тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді, тексеру жүргізіліп жатыр, өлім себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Бұл қалыпты процедура, — деді Ішкі істер министрі.