Солтүстік Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына 556 кандидат бар. 19 наурызда өңірде 631 сайлау учаскесі жұмыс істемек, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
СҚО аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, өңірден саяси додаға түсіп жатқан 556 кандидаттың 325-і ер адам болса, қалған 231-і әйел. Соның ішінде СҚО бойынша Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутаттығына сайлануға 13 адам құжаттарын берген. Алайда, оның екеуі конституциялық заңға сәйкес декларация тапсырғанда қате жібергендіктен кандидат ретінде тіркеуден алынып тасталды. Қазіргі уақытта үміткерлер құқықтарын сот арқылы қорғап жатыр, бір апта ішінде олар бойынша шешім шықпақ.
— Биылғы сайлау жаңашылдықтарға толы. Ол — Парламент Мәжілісінде мандат санының 9-ға қысқаруы, сондай-ақ 2004 жылдан бері алғаш рет пропорцианалды мажоритарлық жүйенің енгізілуі. Яғни, Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісі депутаттарының 70 % партиялық тізіммен, ал 30 % бірмандаттық округтерден сайланады. Биылдан бастап облыстық мәслихаттарға депутаттар 50 де 50 жүйесімен сайланады. СҚО мәслихатында 30 депутат болады деп жоспарланған. Олардың 15-і партиялық тізімнен, қалған 15-і бірмандаттық округтен сайланады, — дейді СҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Сағындық Мауғазин.
СҚО мәслихатына бірмандаттық округтерден 53 кандидат тіркелген. Петропавл қалалық мәслихатына 18 округ бойынша 53 үміткер бар. Аудандық мәслихаттарға 145 округ бойынша 455 кандидат тіркелді.
— Облыс бойынша сайлауға өз кандидаттығын ұсынғандардың ең жасы 23-те болса, ең үлкені 76 жаста. Жалпы облыс бойынша 631 сайлау учаскесі жұмыс істемек. Онда 19 наурызда 384 мыңнан астам өз таңдауын жасайды деп жоспарланған, — дейді Сағындық Мауғазин.