Халықаралық әйелдер күнінде облыста үш өрт оқиғасы тіркелді. Оның екеуі Петропавлда, біреуі Аққайың ауданында орын алды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Наурыздың 8-і өрт сөндіру қызметінің мамандары күшейтілген режімде жұмыс істеді. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиғалар тұрғындардың қарапайым сақтық ережелерін елемеуінен орын алған.
Құтқарушылардың жедел әрекеті нәтижесінде зардап шеккендер мен адам өлімі тіркелмеді.
Мереке күні көміртегі тотығымен улану фактісі де тіркелді. Оқиға Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығында орналасқан көппәтерлі тұрғын үйдің бірінде орын алған.
— Наурыздың 8-і күні шамамен сағат 02.52-де ауданның орталық ауруханасына 1976 жылы туған әйел мен 1977 жылғы ер азамат жеткізілді. Дәрігерлер олардың көміртегі тотығымен уланғанын айтты. Екеуі де ауруханаға жатқызылып, қажетті ем-дом қабылдады. Қазір қос ауылдықтың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, науқастар үйлеріне жіберілді, — делінген СҚО ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Мамандар үйді тексеру кезінде жылыту пешінің мұржасы күлге толы екендігін анықтады.