Варвара Глухова ІІ «Азия балалары» ойындарының жеңімпазы атанды

Авторы: Qyzyljar News

Ресей Федерациясының Кемерово қаласында өткен қысқы спорт түрлерінен ІІ «Азия балалары» ойындары өз мәресіне жетті. Аталған жарыста еліміздің намысын қорғаған петропавлдық конькиші Варвара Глухова алтыннан алқа тағынды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Варвара Глухова конькимен жүгіру спортымен 10 жылдан бері айналысып келеді. Бұған дейін де түрлі жарыстарда облыстың намысын қорғаған бойжеткен спорт шеберіне үміткерлердің қатарында. Кемеровода өткен Азия чемпионатына ол 4 айға жуық дайындалыпты. Жаттығудың басым бөлігі Астана қаласында өткен. Дүбірлі додада Варвара 4 минут 58 секундта 3 мың метрді конькимен жүгіріп өтіп, халықаралық аренада жеңімпаз атанды.

— Жалпы, Қазақстаннан жарысқа 10 спортшы бардық. Алғашында топтық жүгіру болды. Ол жерде тек бесінші орыннан көріндік. Сол кезде аздап көңіл-күйім түскені рас. Алайда жеке жүгіруге келгенде жақсы нәтиже көрсетіп, алтынды жеңіп алдым. Қуанышымда шек болмады. Жаттықтырушымды құшақтап, жылап жібердім. Кейін анама хабарласып қуанышыммен бөлістім,- дейді Варвара Глухова.

Жалпы, байрақты бәсекеде елімізден бөлек Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Армения сынды мемлекеттерден 14-15 жас аралығындағы жас спортшылар бақ сынады. Варвара Глухованың жаттықтырушысы Ольга Ихтендристің сөзінше, қарсыластар жақсы дайындықпен келген.

— Варвараны жаттықтырып жүргеніме 3-4 жыл болды. Әрине, конькимен жүгіруді таңдаған баланың денесі шымыр, іс-қимылы шапшаң болуы тиіс. Дегенмен ең алдымен конькидің өзін мұзда сырғаната білу қажет. Бұл әдісті Варвара өте жақсы меңгерген. Оның болашақта бағындырар асулары көп боларына сенемін, — дейді жаттықтырушы Ольга Ихтендрис.

Конькимен жүгіруден бақ сынаған 14 жастағы жерлесіміздің бұл алғашқы халықаралық додасы. Ол 2024-ші жылы Корея елінде өтетін жастар олимпиадасы ойындарына қатысады.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz