Мамлютка қаласының тұрғындары полицейлерге шабуыл жасағаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Оқиға наурыздың 12-сі күні Мамлютка қаласында орын алды. Аудан орталығында учаскелік инспекторлар патрульдеу барысында көпқабатты үйдің ауласында алкогольдік ішіп отырған адамдарды байқаған. Тәртіп сақшылар бәзбіреулердің әрекеттерін тыю мақсатында жандарына жақындап, қоғамдық орында ішімдік ішу құқықбұзышылыққа жататынын түсіндірген. Олардың ескертулеріне агрессивті әрекет еткен тұрғындар билік өкілдеріне физикалық күш қолданды. Қызметкерлердің бірі ҚР «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңының 61-бабына сәйкес алдымен ауаға оқ атып, кейін газ-травматикалық тапаншаны қолдануға мәжбүр болды. Салдарынан екі шабуылшыға медициналық көмекке жүгінуге тура келді.
– Қазіргі уақытта үш күдікті — 38, 27 және 20 жастағы жергілікті тұрғындар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабының 4-бөлігі бойынша «Билік өкілінің өміріне қаіп-қатер немесе зорлық-зомбылық әрекеттері» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Баптың санкциясы негізінде шабуыл жасаған азаматтар жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Тергеу жұмыстары жүргізілуде, – деп хабарлайды Мамлют аудандық полиция бөлімінің бастығы Петр Климов.