Биыл облыста мемлекеттік сатып алуды жүргізуге 151,8 млрд. теңге бағытталған. Оның ішінде 71,3 млрд. теңгесі ауыспалы жобаға жатады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Жанар Мұсақұлованың айтуынша, жыл басынан бері жоспарланған сатып алулардың 93,7 млрд. теңгесі игеріліп, 67,5 млрд. теңгеге келісімшарттар жасалды.
Өңір басшысы мемлекеттік сатып алу бойынша байқаулар денсаулық сақтау саласында ғана емес, өзге салаларды қамтуы шарт екенін алға тартты.
– Алдағы уақытта балабақшалардың құрылысын бастаймыз. Жеңімпазды жариялағаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде келісімшарт жасасу керек. Егер мердігердің жауапкершілігі жоқ болса, келісімшарттың күші жойылуы тиіс. Байқауда жеңіске жеткендер істеріне бей-жай қарамауы қажет. Сонда ғана облыстағы мәселелер шешіледі, — деді Айдарбек Сапаров.
Сондай-ақ облыс әкімі бюджетті дер кезінде толықтырып, мемлекеттік сатып алуды бірінші сәуірге дейін қамтамасыз етуді тапсырды.