Петропавлда 650 бейнебақылау қондырғысы орнатылады

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Солтүстік Қазақстан облысында көшедегі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында жаңа технологиялар қолданылып жатыр. Қазір өңірде тек бейнекамералардың ғана 32 мыңы жұмыс істейді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдиновтың айтуынша, «қолжетімді полиция» қағидатын жүзеге асыру аясында Петропавлда халық көп жүретін орындарға «SOS батырмасы» шұғыл шақыру жүйесі орнатылды.

— Дабыл бірден жедел шара қолдану үшін Жедел басқару орталығына түседі. Қазір облыс орталығында осындай жеті дабыл түймешесі жұмыс істейді. Олар өз нәтижесін беріп жатыр. Жеті шақырту түсті, соның бірі – Н. Назарбаев көшесінде орналасқан «Северный» супермаркеті маңында зергерлік бұйымдарды тонауға қатысты. Қылмыс ізі суымай ашылды, — дейді Айдын Қабдұлдинов.

Полицияға смартфонға орнатылған «102» мобильді қосымшасы арқылы да хабарласып, көмек сұрауға болады. Ол арқылы Жедел басқару орталығына аудио, бейнебайланысқа шығуға мүмкіндік бар, сондай-ақ қылмысты немесе құқық бұзушылықты фотоға түсіріп, жіберуге болады.

Қосымша іске қосылғалы оны мыңнан астам адам қолданған. Нәтижесінде, заңды бұзған 513 адамға әкімшілік хаттама толтырылды.

— Қоғамдық тәртіпті сақтауда бейнебақылаудың берері мол. Бұл – әлемдік тәжірибе. Былтыр көше камераларының көмегімен 163 қылмыс ашылды, 20 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Қазіргі уақытта СҚО-да 32 мың бейнекамера бар, оның 7 мыңға жуығы Жедел басқару орталығының жүйесіне қосылған. Ұлттық жобаны жүзеге асыру барысында биыл тағы 1 244 бейнекамера осы жүйеге қосылмақ. Сондай-ақ, Петропавлда 643 бейнекамераны орнату жоспарланған, — дейді Айдын Қабдұлдинов.

Жедел басқару орталығына мектеп, балабақша, колледждер мен университеттің бейнекамераларын қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы күнге дейін 218 нысанның 3,5 мыңнан астам бейнекамерасы қосылды.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz