Жыл басынан Петропавл полицейлері тыныштықты бұзудың 500-ге жуық дерегін тіркеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Тәртіп сақшылардың айтуынша, тыныштықты бұзу фактілері көбіне жалдамалы пәтерлерде орын алып жатады. Баспаналарды тәулікке және сағатымен беретін орталықтардың әкімшілері қонақтарына үйдің ішінде шуламауды талап еткенімен, тәртіпке бағынғысы келетіндер шамалы. Салдарынан полицейлер қоғамдық орындардағы ережені елемегендерді әкімшілік жауапкершілікке тартуға мәжбүр.
Тыныштықты бұзудың фактісі Амангелді көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің бірінде орын алды. Пәтер көршілері түнгі сағат 03:00 шамасында полицияға хабарласып, баспанада кәмелеттік жасқа дейінгі азаматтар болуы мүмкін екенін жеткізді. Бұл қоңырау ювеналды полиция қызметкерлерімен дер кезінде тексерілді. Шынында да, қысқа мерзімді жалға берілетін тұрғын үйде 12-16 жас аралығындағы 13 жасөспірім бар екені анықталды. Белгілі болғандай, олардың барлығы ата-аналарына туыстарында немесе достарында түнейтіндерін айтып, алдаған.
– Естеріңізге сала кетейік, тыныштықты бұзу – жұмыс күндері сағат 22:00-ден 09:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден 10:00-ге дейінгі уақытта – жеке тұлғаларға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Жыл басынан бері Петропавл қаласы ПБ қызметкерлері 22:00-ден кейін шуға байланысты келіп түскен 480 қоңырауға қызмет көрсетті. Осы санның үштен бірі дерлік жалдамалы тұрғын үй мекенжайлары бойынша жасалған, – деп ескертеді қалалық полиция басқармасының мамандары.