Қызылжар ауданында «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалы жанынан «Қазақша сөйлесейік!» клубы ашылды. Бұл игі іске аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі үлкен қолдау көрсетті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
– Өңірімізде қазақ тілін үйренуге ниет білдірген адамдардың саны артып келеді. Бұл – уақыт талабын, мемлекеттік тілдің қажеттілігін түсінгендік. Тыңдаушылардың тілді тез меңгеруі үшін мұндай клубтар аса қажет. Алдағы уақытта келушілер қатарының көбейе түсетініне сенімдіміз. Мемлекеттік тіл – Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдерін ұйыстырушы фактор. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – ашылу салтанатына қатысқан халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджанов
Тілдерді оқыту орталығының өкілі Орал Жанатов «Қазақша сөйлесейік» клубы үлкендер мен жастар үшін аса қажет екенін айта келіп, тіл үйренуге арналған бірнеше әдістемелік кітапты табыс етті.
Бұдан кейін тіл үйрету саласында мол тәжірибесі бар мамандар «Қазақша сөйлесейік!» клубының қатысушыларына шеберлік сабағын өткізіп, оның соңы қызықты ойындарға, қазақша шырқалған әндерге жалғасты.
– Біз тек тіл үйретумен ғана шектелмейміз. Алдағы уақытта түрлі тақырыптар бойынша «дөңгелек үстел» отырыстарын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ұлттық салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, мәдени құндылықтар, тәлім-тәрбие мәселелері де кеңінен қамтылатын болады, – деді жиналғандарға арнаған сөзінде «Қазақша сөйлесейік!» клубының жетекшісі Зағифа Ахметова.