Облыста «Алғашқы сүт туры» республикалық семинар-кеңесі өтті. Теріскейдің тәжірибесін өзге өңірлерге енгізу бағытында ұйымдастырылған алқалы жиынға өңір басшысының бірінші орынбасары Марат Тастамағанбетов қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі mtrk.kz сайтына сілтеме жасап.
Алқалы жиында бірінші болып сөз сөйлеген Марат Тасмағанбетов, өңірде егіншілік саласы басым бағыттарының бірі екенін айтып, аққайыңдар өлкесі ақ өндірісінде биік белесті бір күнде бағындырмағанын алға тартты. Көңіл қуантарлық нәтиже бірліктің, еңбектің және мемлекеттік қолдаудың арқасында келді деді ол.
– Соңғы жылдар ішінде біздің облыста 30 сүт фермасы салынды. Олардағы жалпы малдың саны 16 жарым мыңды құрайды. Өндіріс ошақтарының ашылуымен 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Жобаларды жүзеге асыру үшін 40 млрд. теңгеге тарта инвестиция құйылды, – деді Марат Тасмағанбетов.
Жиында белгілі болғандай, тауарлы-сүт фермаларды салуға ниетті солтүстікқазақстандық шаруалар мемлекеттік қолдауға ие. Рәсімделетін несие қомақты, ал пайызы төмен. Марат Тасмағанбетовтың айтуынша, аграқұрылымдарға берілетін несие 8 жылға 4% үстемеақымен беріледі. 2 жылдық «несиелік демалыс» та ұсынылады. Яғни, фермер алған қарызды 2 жылдан соң қайтара бастайды. Тәжірибеге сүйенсек, сүт өндірісін қолға алған жан 24 айдың ішінде кәсібін оң жолға қояды. Бұл – ауыл шаруашылығы саласы өкілдері үшін зор қолдау.
Облыста алғаш қолға алынған осы қанатқақты жоба аясында жергілікті кәсіпкерлерге соңғы 2 жылдың ішінде 35 млрд. теңге несие берілд. Нәтижесінде 21 тауарлы-сүт ферма салынды.
Жиында Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша 100 млрд. теңге бөлінгені де айтылды. Бұл қаржы Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін өзге өңірлерге енгізуге бағытталмақ.