Наурыз мейрамы қарсаңында облыстық полиция департаментінде қауіпті жағдайда батылдық танытқан екі петропавлдық оқушы марапатталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Петропавлдағы №4 орта мектептің екі жоғары сынып оқушысы Нұрислам Сандыбай мен Алдияр Нұртаев, сондай-ақ олардың аналары облыстық полиция басшылығы атынан Алғыс хаттармен марапатталды.
Естеріңізге салсақ, 13 ақпан күні Петропавлдағы мектептің бірінде төтенше жағдай орын алды. 9-сынып оқушысы балтамен үш оқушыға дене жарақатын салды. Зардап шеккен балалар ауруханаға жатқызылды. Полиция мен дәрігерлер келгенге дейін шабуыл жасаған жасөспірімді орта білім ошағының екі оқушысы Нұрислам мен Алдияр ұстап алып, қауіпті жағдайдың алдын алды. Қазір осы қылмыс фактісі бойынша тергеушілер істің барлық мән-жайын жан-жақты зерттеуге бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Оның нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады.
Ұлдар мен олардың аналары Айсұлу Сандыбаеваға, Айман Нұртаеваға Алғыс хаттар мен сыйлықтарды ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев салтанатты түрде табыстады.