Петропавлда тұрғындарды арбауына түсіретін интернет-алаяқтықтың жаңа айла-тәсілі анықталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыс полицейлері өңір тұрғындарына желілік алаяқтар жаңа айла-тәсілді ойлап тапқаны туралы ескертеді. Қылмыскерлер негізінен бұл алдау-арбаудың әдісін егде жастағы адамдарға қолданады. Бәзбіреулер өздерінің арам-пиғылдарын орындау мақсатында бірден бірнеше «актерді» қатыстырады.
Жақында 67 жастағы қала тұрғыны алаяқтардың жаңа айла-тәсілінің құрбаны болды. Зейнеткерге қоңырау шалған адам өзін әділет департаментінің заңгерімін деп таныстырған. «Мемлекеттік қызметкер» байланыстың нашарлығына шағымданып, әңгімелесуді «WhatsApp» желісі арқылы жалғастыруды өтінеді. Содан кейін тұтқаның арғы жағындағы «заңгер» зейнеткерден қан қысымына қарсы дәрілерді жаздыру туралы сұрастырған. Қарт азаматтан қажетті оң жауап алған соң, осы дәрі-дәрмекті жеткізумен айналысқан белгілі бір компания әшкереленгенін және оны пайдаланғандардың барлығына үлкен өтемақы қарастырылғанын айтты.
Келесі болып жәбірленушіге «қаржыгер» мен «қазынашы» хабарласыпты. Өтемақы алу үшін олар әйелді сақтандыру, тексеру және транзакция секілді операциялардың ақысын төлеу керек екеніне сендірген. Қала тұрғыны өзінің жинаған қаржысын пайдаланып, таныстарынан қарызға ақша алып, қылмыскерлерге 69 800 теңге, 190 мың және 270 мың теңге аударды. Алаяқтар мұнымен тоқтамай, өтемақы сомасы ұлғайғанын айтып, тағы 310 мың теңге сұратып алды. Жәбірленуші таныс құрбысынан қаражат сұраған сәтте ол алаяқтардың осындай қулықтары туралы бұрын естігенін, дереу полицияға жүгіну керектігін айтқан. Бұл факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді.