Өскемен қаласының тұрғыны Петропавлдың такси жүргізушілерін алдады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Алаяқтың құрбаны болған үш такси жүргізушісі полицияға жүгінді. Белгісіз ер азамат азық-түлікті әкімдікке жеткізуге тапсырыс беру үшін шақыртқан. Алдымен ол тауарды сатып алуды сұраған, «темір тұлпарлардың» иелерінен 20 мың теңге сұрап, кейін тапсырысы орындалғаннан кейін есеп айырысуға уәде берген. Өкініштісі, ұялы телефонына қаражат түскен соң ғайып болған.
Интернет-алаяқтықты ашу жөніндегі арнайы жедел-тергеу тобының қызметкерлері күдіктіні анықтады. Ол Өскемен қаласының 21 жастағы тұрғыны болып шықты. Күдікті қызметтік іс-сапар барысында ұсталды.
– Бұл фактілер ҚР ҚК-нің 190-бабының 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Күдіктінің өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатысының бар болу мүмкіндігі тексеріліп жатыр. Естеріңізге сала кетейік, интернеттегі алаяқтық тәсілдері әртүрлі болуы мүмкін, кез келген қаржылық мәселелерді заманауи байланыс құралдары арқылы шешкен кезде аса қырағылық танытқан жөн, – дейді Петропавл қаласы ПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы Дархан Зияфиддин.