Шымкент қаласында 9-11 сынып оқушылары арасында жаратылыстану-математика бағыты бойынша республикалық пәндік олимпиадасы өтті. 31 жерлесіміздің ішінен 7-уі жүлделі орындаға ие болды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жалпы білім беретін пәндерден өткен олимпиадада үш солтүстікқазақстандық – күміс, төрт жерлесіміз қола медальға ие болды. Географиядан бақ сынаған «Тайынша қ. № 1 орта мектеп» КММ оқушысы Олжас Серік және «ЛОРД дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернаты» КММ оқушысы Алексей Каримов, ал математикадан «Бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицей» КММ оқушысы Кәрім Мазитов екінші орынға ие болды.
Химиядан қола жүлде «ЛОРД дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернаты» КММ оқушысы Розалия Шакироваға бұйырды. Географиядан «Облыстық дарынды балаларға мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернаты» тәрбиеленушісі Нұрай Бакеева мен «Бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицей» КММ оқушысы Милана Гатагажева үшінші орынға жайғасты. Биология пәнінен үздікті үштікті «Бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицей» КММ оқушысы Алина Имамутдинова қорытындылады. Бұдан бөлек, Олжас Серік білім беру грантының иегері атанып, оған арнайы сертификат берілді.