Айыртау ауданының Новоукраинка елді мекеніндегі түзету мекемесінде былтыр болған кісі өлтіру фактісіне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, өткен жылы 9 қарашада қылмыстық атқару жүйесі департаментінің Айыртау ауданындағы № 51 мекемесінде адам өлтіру фактісі тіркелген. П. есімді сотталушы темір балғамен екінші сотталғанның басынан бірнеше рет ұрып өлтірген. Сотталушының кінәсі куәгерлердің көрсетпесімен, бейнежазбамен және сараптаманың қортындысымен дәлелденді.
Прокурор П.-ны 16 жылға бас бостандығынан айырып, қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары, оның ішінде 5 жылды толық қауіпсіздік мекемесінде өтеу жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушінің өкілі де прокурордың ұстанымымен келісті.
— Бұл аса ауыр қылмысқа жатады. Сот сотталғанның кінәні жартылай мойындауын жазаны жеңілдететін жағдай ретінде қабылдады, ал жазасын өтеп жатып қайта қылмыс жасауын ауырлататын мән-жай ретінде таныды, — делінген баспасөз хабарламасында.
Сот үкімімен адам өлтіргені үшін П.-ға 12 жыл бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалды. Бұдан бұрын да істі болған оның жазасын өтемеген бөлігі де есепке алынды. Ол алдағы 14 жылын түрмеде өткізбек. П. жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде, алғашқы үш жылды толық қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сондай-ақ сотталғаннан жәбірленушінің өкіліне моралдық шығын өндіріліп алынды.