— Мен бір жыл бұрын, осы ғимаратта халыққа жолдауымды жарияладым. Еліміз үшін аса маңызды сәтте саяси жаңғыру бағдарламасын ұсындым. Бастамаларымыз жұрттың шынайы қолдауына ие болды. Оған былтырғы референдумда айқын көз жеткіздік. Біз тәуекелге бел буып, бірден іске кірістік. Бір жылдың ішінде ауқымды жұмыс атқарылды, — деді Мемлекет басшысы.
Президент Конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалғанын айтты. Президент жеті жылға бір рет қана сайланатынын еске салды.
— Сондай-ақ, Парламенттің құзыреті мен қызметі қайта қаралды. Депутаттардың рөлі едәуір күшейді. Конституциялық Сот құрылды. Бүкіл сот жүйесіне түбегейлі реформа жасау басталды. Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты жұмыс жаңаша сипат алды. Азаматтардың саяси өмірге емін-еркін араласуына жол ашылды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.