Петропавлда алғаш рет ақиық ақын М.Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына орай мұғалімдер арасында «Мағжан оқулары» байқауы ұйымдастырылды. Білім сайысында өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған 22 ұстаз бақ сынады. Қатысушыларға қойылған басты талап, ақынның шығармашылығын жан-жақты зерттеу, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі Qyzyljar.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Сайыс 3 аталым бойынша өткізілді. Біріншісінде – Мағжан өлеңдеріне филологиялық талдау жүргізілсе, екіншісінде – Мағжанның тұлғалық болмысы мен өмірін тарихи контексте зерттеу қажет міндеті жүктелді. Ал соңғысында – Мағжан мұраларын педагогикалық тұрғыда зерделеу. Байқауға облыстың қазақ тілі мен әдебиет, тарих және география пәнінің мұғалімдері қатысты.
— Біріншіден біз осы Мағжан поэзиясын филологиялық тұрғыдан яғни тіл жағынан, әдебиет жағынан , немесе теориясы жағынан қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері тереңірек зерттесе, деген мақсатпенен байқауды биыл бірінші рет өткізейін деп тұрмыз. Мұғалімге қойлатын бірінші талап, зерттеудің дербестігі,- дейді «Қызылжар Абай орта мектебі» директорының орынбасары Гүлдарай Қайнетова.