NIS құрамасы республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша еліміздің ең үздік командасы атанды. Білім бәйгесіне команда сапында петропавлдық оқушы да бағын сынап, 2 орын иеленді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Назарбаев зияткерлік мектептері» командасы жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерден өткен республикалық олимпиадаға қатысты. Білім бәйгесінің қорытындысы бойынша зияткерлік мектептері оқушыларынан құралған құрама бесінші рет еліміздің «Ең үздік олимпиадалық командасы» деп танылып, мектеп оқушылары түрлі дәрежедегі 63 медаль иеленді.«Назарбаев зияткерлік мектептері» командасы сапында Петропавлдан 12-сынып оқушысы Аңсар Тілепбергенов те қатысты. Ол химия пәнінен білімін сынап, жүлделі екінші орыннан көрінді.
– Химия пәні бойынша олимпиадалардың бірінші дәрежелі дипломдарын Қазақстанның жоғары оқу орындары ғана емес, шетелдік университеттер де жоғары бағалайды. Сондықтан мұндай олимпиадаларға қатысу оқушыларға үздік жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді. Олимпиададағы тапсырмалар әдеттегідей халықаралық олимпиада деңгейінде болды. Мен бұл қозғалысқа төртінші жыл қатысып келемін. Бұған дейін желілік кезеңдерде бағымды сынасам, биыл республикалық олимпиадада мектебімнің намысын абыроймен қорғай алдым, – деп ойымен бөлісті 12-ші сынып оқушысы Аңсар Тілепбергенов.
Биыл болашақ түлек физика, математика, информатика пәндері бойынша ұйымдастырылған Президенттік олимпиадаға қатысып, 1 орынға ие болған еді. Бұл жеңісінің арқасында Аңсар ҚБТУ грантын иеленді.