Петропавлда жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізу мәселелерін қарау жөніндегі арнайы комиссияның екінші отырысы өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Бекеев хабарлағандай, «Панацея «отбасылық медицина орталығы» ЖШС және «Көмек тренинг орталығы» ЖК-дан келіп түскен осы тізілімге енгізуге екі өтінім қаралды.
Бірінші орталық денсаулықты сақтауға бағытталған әлеуметтік-медициналық қызметтер көрсетсе, екіншісі — әлеуметтік ортада ерекше балаларды бейімдеу үшін психологиялық жағдайды түзетуді және көмек көрсетуді көздейтін әлеуметтік-психологиялық қызметтерді көрсетеді.
— Екі кәсіпорын да барлық талаптарға сәйкестігін көрсетті және бірауыздан әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне енгізу үшін комиссияның мақұлдауын алды. Мемлекет бизнесті дамытуға жеңілдікті несиелер бере отырып, осындай кәсіпорындарды қолдайды. Екінші деңгейдегі банктер арқылы олар 23,75% несие ала алады, оның 16,75% — мемлекет субсидиялайды, ал 7% — кәсіпкерлер өз бетінше төлейді, — деді Тимур Бекеев.
Әлеуметтік кәсіпорын мәртебесін алып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар 150 балаға көмек көрсететін «Көмек» түзету-дамыту орталығы енді жеңілдетілген несие беру түрінде мемлекеттің қолдауын пайдалана алады.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы маусымда Кәсіпкерлік кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, олардың кейбіреулері әлеуметтік кәсіпкерлік ұғымдарын, әлеуметтік кәсіпкерлік санаттарын және әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін айқындау болып табылады. Мемлекет тарапынан әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі мәртебесі бар кәсіпкерлерге қаржылық қолдау бөлігінде белгілі бір жеңілдіктер беріледі.