Шайбалы хоккейден жастар лигасының финалдық серия ойындары өтіп жатыр. Әзірге үш кездесудің қорытындысы бойынша «Barys» клубы 3:0 есебімен алда, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ақтық сынның бірінші және екінші ойынын «Qulager» командасы Астана қаласында өткізді. Алғашқысында жерлестеріміз елордалықтарға 5:3, қарымта матчта 3:2 есебімен есе жіберген болатын. Қос кездесуде де солтүстікқазақстандықтар азулы қарсыластарына төтеп бере алмады.
Петропавлда өткен кездесуде құлагерліктер жанкүйерлердің қолдауымен есе қайтаруға тырысты. Бұл ойында жерлестеріміз тегеуірінді қарсылық көрсетуге барын салғанымен, жеңіс «Barys» клубына бұйырды. Есепті бірінші болып, елордалық хоккейшілер ашты. Қонақтар сапында Никита Ситников көзге түсті. Кейін Астанадан келген команда ойыншысы Илья Шапоров екінші шайбаны жерлестеріміздің қақпасына дәл дарытты. Бұдан соң солтүстікқазақстандық Ерлан Ербатыров есеп айырмасын қысқартып, таблодағы қорытынды есеп 1:2.
Бүгін құлагерліктер финалдық серияның соңғы ойын Петропавлдағы Спорт сарайында өткізеді. Егер жерлестеріміз тағы бір мәрте қарсыластарына есе жіберсе, күміс медальдарды қанағат тұтпақ.