Астана қаласындағы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында өткен республикалық «Farabi land – 2023» байқауында Ақжар ауданы «Серпер» өнер мектебінің үш ансамблі, тоғыз жеке орындаушысы, сурет бөлімінің бес оқушысы және 10 жетекші-мұғалімі қатысып, жүлдемен оралды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Байқауға еліміздің өңірлерінен 1500 ұжым қатысып, өнерпаздар жеке орындаушы, оркестр, ансамбль және бейнелеу өнері аталымдары бойынша өзара бақ сынасты.
Қызылжар өңірінің талантты оқушылары оза шапты. Бейнелеу өнері аталымы бойынша Ленинград ауылынан Жамбыл Темірлан 3 орын алса, Талшық ауылынан Айлана Кенжеболат осы және сәнді-қолданбалы өнер аталымы бойынша 3 және 2 орынды еншіледі. Ал аспаптық өнер аталымында жеке орындаушылар арасында Жазира Талғатова бас жүлдені жеңіп алса, Әнуар Байназар мен Шахмұрат Әйткен – бірінші, Аяжан Қабдырразақ екінші орынды иеленді. Фортепианоны серік еткен Сәния Қабдыразақова, Арман Айдапкелов, Рахман Мұхтар, Мансұр Екпешұлы жүлделі орындарды тұйықтады. Ансамбль ұжымдары арасында «Жігер» халықтық домбырашылар ансамблі бас жүлдеге лайық деп танылды.