Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасы қымбаттайды. Бұл туралы ҚР Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
– Қазіргі төмен бағаларды сақтап отырсақ, біз қанша жанармай өндірсек те, барлық сұранысты қамтамасыз ете алмаймыз. Екіншіден, бағалар арасындағы айтарлықтай айырмашылыққа байланысты көрші елдерге «ағын» жалғаса береді, оның көлемі арта түседі. Ешқандай шектеулер нәтиже бермейтіні анық. Үшіншіден, жанармай бағасындағы диспропорция көлеңкелі нарықты нығайтып, ұлттық экономикаға, мүддеге кері әсерін тигізеді. Төртіншіден, жанармай бойынша төмен бағаны сақтау мұнай-газ саласына инвестиция тарту, оны дамытуға, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, ресурстық базаны толықтыруға мүмкіндік бермей отыр, — деді Болат Ақшолақов.
Оның айтуынша, ішкі нарықтағы жанармай жағдайын тұрақтандыру үшін Қазақстанның көрші елдермен салыстырғандағы баға бойынша айырмашылығын азайту қажет.
– Бұл қиын, бірақ қажет шешімге бару керекпіз, оны мойындау керек, яғни бөлшек саудадағы жанармай бағасын көтеру қажет. Осы тұрғыда АИ-92 және АИ-93 маркалы бензинге баға литріне 182-187 теңгеден 205 теңгеге дейін жеткізілмек (өңірге байланысты), өсім – 11%. Дизель отынының бағасы литріне 295 теңгені құрайды, орташа есеппен өсім – 20%. Қазір өңірге байланысты баға 230 теңгеден 260 теңгеге дейін болып тұр. Осындай бұйрықтың жобасы бүгін жарияланатын болады, — деді Болат Ақшолақов.
– Баға бойынша айырмашылық мәселесін қазір қолға алмасақ, алдағы уақытта елеулі тапшылық болуы мүмкін. Бұдан басқа, экономикалық маңызды саланы дамыту мүмкіндігінен айрылып, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне де әсер етеді, — деді министрдің міндетін атқарушы.
Ал фермерлер үшін дизель отынының бағасы өзгеріссіз қалады – МӨЗ қақпасынан 1 тонна үшін 222 мың теңге немесе 1 литр үшін 184 теңге (немесе ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің (АШТӨ) операторларының шығыстарын ескере отырып, орта есеппен 1 литр үшін 204 теңге).
Көктемгі дала жұмыстарына бекітілген көлем – 413 мың тонна – АШТӨ операторларына басым тәртіппен тиеп-жөнелтілетін болады. Мәселен, ақпан айында 82,1 мың тоннаның 77,4 тоннасы немесе 95,4%-ы, наурыз айында 102,2 мың тоннаның 78,4 тоннасы немесе 77%-ы тиеп-жөнелтілді.