Хокейден жастар арасындағы ел біріншілігі өз мәресіне жетті. Кеше дүбірлі доданың финалы өтті. Бәсі биік бәсекеде жергілікті “Qulager” ХК мен елордалық “Barys” командасы алтынды сарапқа салды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі mtrk.kz сілтеме жасап.
Маусым барысында қос команда бірнеше рет кездескен. Алдыңғы ойындарда астаналық имектаяқшылардың мысы басым болып, асығы алшысынан түскен. Енді осы ойында құлагерліктер есе қайтармақ ниетте. Ә дегеннен-ақ петропавлдықтар есеп ашты. Бірақ, қарымта шабуылда қонақтар қарсылас қақпадан саңылау тапты. Осылайша, алғашқы период 1:1 есебімен аяқталды.
Екінші 20 минуттықта қарсылас қысымды күшейтті. “Barys” командасы жергілікті ойыншыларды әбден әбігерге салып, қақпаға 3 шайба дарытты. Үш периодтың қорытындысы бойынша матч 1 де 4 есебімен аяқталды. Осылайша бұл маусымда елордалықтар топ жарды. Петропавлдықтар күмісті, ақтөбеліктер қоланы қанағат тұтты.