Биыл СҚО-да 600-ге жуық қаңғыбас ит-мысық таңбаланады

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Өңірлік коммуникациялар қызметінің кезекті баспасөз мәслихатында ветеринария қызметінің  былтырғы жұмысы қорытындыланып,  осы жылы атқарылар іс-шаралар жоспары айтылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Оразбек Батырбеков өткен жылғы  жоспар толық орындалғанын атап өтті. Жан-жануарлардың  саулығына адамның амандығы тәуелді. Осы ретте былтыр жануарлар мен құстардың 10 аса қауіпті ауруына және 3 энзоотиялық ауруына қарсы профилактикалық вакцина егілген.

– Төрт ауруға диагностикалық, екі ауруға аллергиялық зерттеу жүргізілді. Осылайша, қолда бар мал басының барлығына профилактикалық вакцина егіліп, зерттелді, – деді   Оразбек Батырбеков.

Былтыр зертханалық зерттеулер кезінде алты ауданның 27 елді мекенінде бруцеллез ауруын жұқтырған 206 ірі қара мал анықталған. Көрсеткішті өткен жылмен салыстырғанда 254 басқа аз. Ауру жұқтырған ірі қара үшін мал иелеріне 36,3 млн. теңге өтемақы төленді. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің деректеріне сүйенсек, ірі қараның бруцеллез  жұқтыру деңгейі республика бойынша 0,35 пайыз болса, біздің облыста 0,05 пайызды құрап отыр.

Биыл «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қолданысқа енгізілгені белгілі. Соның 23 бабының 2-тармағында қаңғыбас ит-мысықтарды арнайы орындарда ұстау талабы қарастырылған. Бірақ   бұны іс жүзінде жүзеге асыру  қиындық тудырып отыр. Заңнамаға сәйкес ветеринарлық қызмет қаңғыбас ит-мысықтарды аулау және жою жұмыстарын тоқтатып, тек зарарсыздандыру, таңбалап босатып жіберумен  шектеледі. Қазіргі таңда үй жануарларын есепке алу жұмыстары басталды. Петропавл қаласында оны «ВетЛекарь» ветеринарлық клиникасы атқарып жатыр.

– Биыл 600-ге жуық қаңғыбас ит-мысықты таңбалау және зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілмек. «Нәтижесінде облыстың эпизоотиялық жағдайы тұрақтанады және жануарлар мен құстардың жұқпалы ауруларының тіркелу жағдайлары азаяды, – дейді облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Оразбек Батырбеков.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz