Петропавлдағы 2-інші Жылу-электр орталығында алдымен, жартылай құлап, кейін толық бұзылған түтін мұржасының орнына жаңасы салынады. Нысанның іргетасы қаланып жатыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
«Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, ауқымды жұмысты петропавлдық мердігер компания – «Строй центр Арсенал» ЖШС жүргізіп жатыр. Жұмысшылар құрылыс аймағына инженерлік коммуникацияны жеткізді, дренаж жүйесін орнатып, іргетасын қалау үшін қазаншұңқыр дайындады. Нәтижесінде шұңқырдан 4,5 мың текше метр топырақ шығарылды.
Келесі кезеңде іргетастың арматуралық қаңқасы монтаждалып, негізі әзірленеді. Мұржаның темірбетон негізін құюға мамандар мамыр айында күн жылысымен-ақ кірісуді жоспарлап отыр.
— Жоба бойынша жаңа түтін мұржасының биіктігі 180 метр, диаметрі нөлдік белгіде 20,52 метрді құрамақ. «Строй центр Арсенал» ЖШС 31 мамырға дейін іргетасын қалап бітуі керек. Ал 1 маусымнан бастап іске «КазтеплоСПЕЦСТРОЙ» ЖШС кірісіп, түтін мұржасын көтереді. Биыл, жоспар бойынша нысанның темірбетон діңгегін толық көтеру қажет. Ал №1 жаңа мұржа келер жылы жазда іске қосылатын болады, — деді компанияның баспасөз қызметінен.
Естеріңізге салайық, былтыр 20 наурыз күні сағат 19.20-да Петропавлдағы Жылу-электр орталығында түтін мұржасы жартылай құлап, салдарынан 5-інші қазандық агрегатын тоқтатуға тура келген еді.
Үйінді астында қалған әйелдің денесі екінші күні ғана табылды.
Арнайы сараптамадан кейін түтін мұржасын толық бұзу туралы шешім қабылданды.
Кейін Петропавл әкімі №1 түтін мұржасының құрылысы басталатынын айтты.