Сәуірде өзен-көлдерде балықтар уылдырық шашып көбейе бастайды. Сол себепті облыстың су қоймаларына балықшыларға қармақ салуға тыйым салынды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өңірдің су айдындарында сәуірдің 15-нен бастап, шортан, аққайран мен көксеркені, кейін сәуірдің 20-нан барлық балық түрлерін аулауға тыйым салынады. Шектеуге құлақ аспағандарға әкімшілік жаза қарастырылған. Балық шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, өзен-көлдерге қармақ салғандар 5 және 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейтін болады.
– Сәуір айында балықтар көбейе бастайды. Оларды аулағандар қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін. Қылмыстық кодекске сәйкес, заңды елемегендер 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Өткен жылдың өзінде әкімшілік жазаға 112 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылды. Шектеулерге құлақ аспағандар 2 млн. теңгеге дейін айыппұл төлеуге мәжбүр болды, – дейді Есіл облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы бөлімінің басшысы Елдар Кәкімов.