Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысында жасөспірімдерге қатысты 67 қылмыс тіркелді, тағы 21-ін кәмелет жасына толмағандардың өздері жасаған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
СҚО прокуратурасында «2022 жылы және осы жылдың өткен кезеңінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне жауапты мемлекеттік органдармен қабылданып жатқан шаралар туралы» тақырыбында жедел кеңес өтті. Кеңеске балалармен жұмыс істейтін барлық құзырлы орган өкілдері қатысты.
Облыс прокуратурасы жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алуға қатысты қолданылып жатқан шараларға талдау жүргізіп, уәкілетті мемлекеттік органдарға 5 прокурорлық қадағалау актісін шығарды. Нәтижесінде 21 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Прокурорлардың айтуынша, былтыр 2021 жылға қарағанда жасөспірімдерге қатысты жасалатын қылмыс саны төмендеген. Кәмелет жасына толмағандарға қатысты 67 құқық бұзушылық тіркелді. Соның ішінде ең сорақысы — кәмелет жасына толмағандардың жыныстық қол сұқпаушылығына қатысты қылмыстар. Оның саны артқан. Былтыр мұндай 13 факті тіркелді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 7 дерекке көп.
— Мәселен, денсаулық сақтау, білім беру органдары кәмелет жасына толмағандардың жыныстық қол сұқпаушылығына қатысты алдын алу жұмыстарын жүргізбеген. М.Жұмабаев ауданында жасөспірім әжесімен ғана тұрған. Ата-анасы қыздың тәрбиесімен айналыспаған. Яғни жасөспірім өзімен өзі болған. Бұл жайында білім беру органдары білгенімен, ешқандай шара қолданбаған. Салдарынан кәмелет жасына толмаған қызға жыныстық сипаттағы қылмыс жасалған. Ал Уәлиханов ауданында патронаттық тәрбиеге алған балаға ер адам күн көрсетпеген. Бала сабаққа көгеріп барған. Бұл да прокуратураның талдау жұмысы барысында анықталды. Тиісті шара қолданылды, — дейді СҚО прокуратурасы басқармасының прокуроры Әмір Рахимов.
Петропавлдағы №4 мектепте болған оқиға да назардан тыс қалмады. Балта-пышақпен сабаққа қаруланып келіп, үш оқушыны жарақаттаған жасөспірім бұған дейін 3 ай бойы мектепке бармаған екен.
— Бұл жасөспірім 2021 жылы суицид жасамақ болған. Оның өзін-өзі ұстауында деструктивті мінез-құлық болған. Бірақ бұл жайында денсаулық сақтау органдарына хабар берілмеген, — деді СҚО прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттар.
Жиын барысында әр мемлекеттік органға нақты міндеттер жүктелді. Ол бұған дейін анықталған олқылықтарды жою және оның қайталануына жол бермеуге қатысты.