Облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды қорытындылады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өткен жылдың желтоқсан айында полицияға 18 жастағы қала тұрғыны жүгініп, белгісіз адамдар оған күш көрсетіп, 40 мың теңге талап етіп жатқанын айтқан. Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде облыс орталығындағы оқу орындарының 17 жастағы үш оқушысы ұсталды. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 194-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, келіп түсетін әр жедел ақпарат тұрақты негізде тексеріледі.
Ақпан айының соңында «Челябі – Новосібір» тас жолында «ВАЗ-2115» автокөлігі тоқтатылды. Жүксалғыштан екі тіркелмеген тегіс ұңғылы мылтық және төрт сібір елігінің еті табылды. Бұдан кейінгі іс-шаралар барысында Петропавлдағы саяжай учаскелерінің біріндегі үйден екі еліктің еті мен 41 терісі, 119 тұяқ, 12 басы тәркіленді. Аталған факті ҚР ҚК-нің 337-бабы бойынша сотқа дейінге тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Күдіктілер қамауға алынды. Сондай-ақ жедел ақпаратты тексеру кезінде ҰҚК және ҚАЖ облыстық департаменттерінің қызметкерлерімен бірлесіп, Жұмысшы кентінде оқ-дәрі мен қару-жарақ салынған орын табылды.
Қаңтар айынан бастап, СҚО ПД ҰҚҚКБ қызметкерлері заңсыз айналымнан жалпы сомасы 7,5 млн. теңгеден асатын 2140 литрден астам алкоголь мен 5329 қорап темекі өнімін тәркіледі.
– Солтүстікқазақстандық ҰҚҚКБ қызметкерлері қылмыстық схемаларды әшкерелеу мен күдіктілерді ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларының тұтас кешенін жүргізді. Тергеу мүддесі үшін бүгін оларға қатысты ақпараттың тек аз бөлігі ғана жария етіледі. Нақты нәтижеге бағытталған күнделікті жұмыс жалғасып жатыр, – дейді басқарма бастығы Жандос Басыбаев.