Үш күн бұрын Петропавлда орналасқан су торабының барлық үш қақпасы көтерілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Қазсушар» РМК филиалының директоры Шұғайып Ибатуллиннің айтуынша, су тасқыны кезінде Петропавл су торабы транзиттік режимде жұмыс істейді және тасқын судың өтуіне кедергі келтірмейді.
– Сәуірдің 11-і күні сағат 22.00-ден бастап барлық қақпалар ашылды. Су тасқыны басталысымен Петропавл су қоймасынан 83 млн. текше метрден астам су төгілді. Қазір ондағы су деңгейі – 92,4 метрді құрап отыр, — деді Шұғайып Ибатуллин.
Сергеев су қоймасын суға толтыру жұмыстары 29 наурызда басталды. Су деңгейі 138 метрге жеткенде, су төгетін бөгеттің жотасы арқылы су ағызу автоматты түрде жүзеге асады.
– Су тасқыны басталысымен Сергеев су қоймасынан төменгі деңгейге 589,3 млн. текше метрден астам су төгілді, бұл орташа жылдық көрсеткіштерден төмен. Көпжылдық көрсеткіштер бойынша жылдық орташа ағын 1,3 млрд. текше метрді құрайды. Су деңгейінің төмендеуі байқалады, – дейді Шұғайып Ибатуллин.