Облыста интернет-алаяқтық қылмыстар саны азайды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Полицейлер мұның басты себептерінің бірі – қылмысты алдын алу шараларының уақытылы жүргізілуінен дейді.
Кезекті рет тәртіп сақшылар профилактикалық шаралардың бірін Петропавл қаласының №1 гимназиясында өткізді. Қалалық ПБ екінші бөлімінің бастығы Талғат Смағұлов педагогтарға «банктен қоңырау шалуға» сенуге болмайтынын еске салды. Кейде қылмыскерлер алдымен өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырады. Олар жәбірленушінің шоттарына қастандық жасайтын банктің қызметкерлеріне қарсы «арнайы операция» жүргізіп жатыр деп сендіреді. Егер адам сенсе, оны «банктің қауіпсіздік қызметкеріне» қосады. Ол дәстүрлі схеманы қолданған кезде жәбірленуші банктегі қаражатынан бір мезетте айырылуы мүмкін.
– Банк қызметкерлерінің адамнан қандай да бір қаржылық операциялар жасауын талап етуге құқығы жоқ. Мұндай қоңырауларды алған кезде әңгімені жалғастырмау керек. Полицияға немесе банкке ресми нөмірлер бойынша қоңырау шалыңыз, қызметкерлер сізге шынымен қоңырау шалды ма деп сұраңыздар, – деп түсіндірді Талғат Смағұлов.
СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының хабарлауынша, облыста бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша барлығы 182 интернет-алаяқтық тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңінде олардың саны –214. Яғни, СҚО-да желілік алаяқтықтың төмендеуі байқалды. Бұл – полицейлер жүргізетін жоспарлы профилактикалық жұмыстың нәтижесі.