Солтүстік Қазақстан облысында жастар несиесі бағдарламасы бойынша алғашқы жоба мақұлданды. Бұған жас кәсіпкер Асқар Әубәкіров лайық деп танылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Асқар Әубәкіров – Шал ақын ауданындағы Семиполка ауылының тұрғыны. Облыстық әкімдік жанындағы комиссия отырысында жас кәсіпкер өз бизнес-жобасын қорғап, кәсібін өрге бастыруға мүмкіндік алды. Енді мемлекеттік бағдарлама аясында берілетін несиеге ол шаруашылығына қажетті жүк көлігін сатып алып, облыс тұрғындарына жүк тасымалы қызметін ұсынбақ.
– Жеңілдетілген несие мен секілді жастарға жеке ісін ашып, кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік береді. Несиенің шарты өте ыңғайлы. Сыйақысы жылдық — 2,5%. Бұған қоса, несие каникулы бар, — дейді жас кәсіпкер Асқар Әубәкіров.
Жастар несиесін алу үшін өтініштер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Солтүстік Қазақстан облысындағы филиалында қабылданып жатыр. Несие жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніне 5 жыл толмаған, 21 мен 35 жас аралығындағы жастарға беріледі. Несие сомасы – 5 млн. теңгеге дейін, мерзімі – мал шаруашылығына 7 жылға дейін, басқа кәсіп түрлеріне 5 жылға дейін беріледі. Кепілге жылжымайтын мүлік, арнайы техника немесе жер учаскесі алынады.
– Бүгінге дейін аймақ жастарынан біздің филиалға 16 өтініш түсті. Соның бесеуін облыстық әкімдік жанынан құрылған комиссия мақұлдады. Тағы 120 үміткер құжаттарын жинап жатыр. Жалпы, 2023 жылы жастар несиесі бағдарламасы бойынша Солтүстік Қазақстан облысында 130 жас кәсіпкерге несие беру көзделіп отыр. Бұған 650 миллион теңге бөлінген, — дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиал директоры Алмат Қожахметов.
Жастар несиесінен бөлек, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалы «Іскер» бағдарламасы бойынша несие алуға өтініш қабылдап жатыр. Бұл стартап-жобалар мен кәсібін жаңа бастап жатқандарды қолдауға бағытталған бағдарлама. Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Ауыл және шағын қала тұрғындарына бұл несие жылдық 6%-бен 7 жылға дейінгі мерзімге 6 млн. теңгеге дейін қаражат беріледі.
Жыл басынан бері облыста 266 тұрғын «Іскер» арқылы несие алуға құжаттарын тапсырған. Жалпы құны 1,3 миллиард теңгенің 247 жобасы қаржыландырылды. Шағын кәсіпкерлердің 45%-ы өсімдік шаруашылығына, 30%-ы мал шаруашылығына, 25%-ы басқа бизнес түріне несие алған. Солтүстік Қазақстан облысында жыл соңына дейін осы бағдарлама бойынша 350 шағын кәсіпкерді қаржылай қолдау жоспарланып отыр.