Полиция қызметкерлері өткізген кезекті рейдте қаладағы жатақханалардың бірі тексерілді. Нәтижесінде отбасында жанжал шығарған үш маскүнем азамат ұсталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Тәртіп сақшылары тұрақты жұмыс орны жоқ және ішімдікті асыра пайдалануға бейім адамдар жанжал шығаруға құмар екендігін ескертеді. Салдарынан олардың отбасында ұрыс-керіс жиі тіркеліп, соңы қылмыспен аяқталуы мүмкін дейді.
Жыл басынан бері облыс полицейлері жанжалқорларға қатысты 868 қорғаныс ұйғарымын шығарды. Бүгінде облыс бойынша 258 отбасылық жанжалқор есепте тұрғаны белгілі. Сонымен қатар соңғы үш айда отбасы мүшелеріне жұдырығын көтерген 135 адамға қатысты әкімшілік қамау жазасы қолданылды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың барлық құрбандары дерлік өтініш жазуға келісе бермейді. Профилактикалық әңгімелер барысында тәртіп сақшылары мәселелерді жасырмауға, мамандардың көмегіне жүгінуден қорықпауға шақырады. Көбінесе ішімдікке тәуелді адамдарды мәжбүрлеп емдеуге жіберу – мәселенің шешімі ретінде танылуы мүмкін. Жыл басынан бері СҚО-да учаскелік инспекторлар 68 адамды мәжбүрлі емделуге жіберді.