Облыстық кәсіпкерлер палатасы аудандарды аралап, жергілікті мемлекеттік органдардың, бизнес өкілдерімен кездесіп, кәсіпкерлік саласында қордаланып қалған мәселелерді талқылап жатыр. Осындай кездесу Уәлиханов ауданында да өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Мұндай кездесулерде аудандарда жергілікті атқарушы органның кәсіпкерлердің бастамасын қолдап, құқығын қорғауы, қолайлы инвестициялық ахуал құрып, жауапкершілік пен мүмкіндіктерді арттыру мәселелері талқыланады.
–Біздің қызметіміздің тағы бір маңызды бағыты – бақылаушы органдар қызметі процесінде бұзушылық фактілерінің алдын алуға және азайтуға бағытталған заңнамаға өзгерістер енгізу үшін ұсыныстар әзірлеу. Мұндай кездесулер ашық пікірталас болады. Тәжірибе көрсеткендей, осындай жиындарда бизнес өкілдері туындаған мәселелерді ашық айтып, ауданның мемлекеттік органдары басшыларымен жүзбе-жүз тілдесе алады, – деді Тимур Бекеев.
Қызмет көрсету ісімен айналысып жүрген Рустам Сандыбаев жол бойындағы дәмханалардың аумағын абаттандыру үшін мемлекет тарапынан қаржыландыру немесе субсидиялық қолдау көрсету тетіктері туралы сұрады Ал жеке кәсіпкер Асмагүл Балтабаева шаштараз аша алмай отырғанына шағымданды.
– Шаштараз ашу үшін 1 млн. теңге қажет. Ол үшін несие алғым келеді. Бірақ кепілге қоятын ғимарат шаштараз түрінде ресімделген болуы керек. Бұл жағдайда не істеу керек? – деп сұрады кәсіпкер.
Жиналғандар жастардың жеңілдетілген микрокредиттерге қолжетімділігі жайлы да сұрады. Әсіресе, екінші деңгейдегі банктердің әлеуетті қарыз алушылардың ауылдық жерде орналасқан жылжымайтын мүліктерін кепілдікке алуда мәселе туындап отыр.
– «Аграрлық несие корпорация» АҚ-ның жылжымайтын мүлікті бағалау анықтамалығы кепілдікке қойылатын жылжымайтын мүліктің құнын нарықтық құнынан айтарлықтай өзгертеді. Содан кейін әлеуетті қарыз алушылардың қатары сирейді, керек қаржының сомасы азайып қалады. Биыл 2,5 пайыз жеңілдікпен микрокредит беру жобасы қолға алынды, оның негізгі қатысушылары – 35 жасқа дейінгі жастар. Сондай-ақ, онда кепілдік мүліктің болуы міндетті шарт болып табылады. Бұл жеңілдетілген несиелеу ауыл тұрғындары үшін кепілдік құны тұрғысынан қолжетімді бола ма? – деп сұрады кәсіпкер Мұрат Абдулов.
Тимур Бекеев биыл мүлікті бағалау қайта қаралғанын жеткізді. Баға анықтамалығына сәйкес, әрбір елді мекен бойынша 1 шаршы метр тұрғын үйдің құны анықталды және ол өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай ұлғайды деді кәсіпкерлер палатасының директоры.