Облыста бір аптаның ішінде жол ережелерін сақтамаған 282 жаяу жүргінші мен 46 көлік жүргізушісі жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде жаяу жүргіншілердің қатысуымен 9 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Төрт жағдайда апат тұрғындардың жолды белгіленбеген жерден кесіп өтуінен болды.
– Бір аптаның ішінде облыс бойынша жол қозғалысы ережелерін бұзудың 2600-ден астам фактісі анықталды. Қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілердің саны – 360. Рөлде телефонмен сөйлескен 218 адам жауапқа тартылды. Өрескел бұзушылықтар қатарында жылдамдықты арттырудың 259 жағдайы, маневр жасау қағидаларын бұзудың 58 жағдайы анықталды, – дейді СҚО ПД ЖПҚ басқармасының бастығы Айдын Байматов.