2023 жылғы 21 сәуірден бастап шығындардың бір бөлігін өтеуге отандық экспортқа бағдарланған компаниялардан өтінімдер қабылдау басталады. Тек соңғы екі жылда шикізаттық емес экспорттаушыларды қолдаудың мемлекеттік шараларының операторы QazTrade шамамен 15 млрд теңге сомаға 300-ден астам компанияның шығындарын өтеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев атап өткендей, мемлекеттік қолдаудың бұл құралы өз тауарлары мен қызметтерін сыртқы нарықтарға жылжытатын қазақстандық кәсіпорындар арасында өте сұранысқа ие.
Өтінімдерді қабылдау 21 сәуірде сағат 09.00-де ашылады және ағымдағы жылдың 21 шілдесінде сағат 17.00-ге дейін жалғасады.
— Биыл экспорттаушы компаниялардың көптеген тілектерін ескере отырып, біз өтінімдерді қабылдау мерзімін бір айдан үш айға дейін ұлғайттық. Сауда және интеграция министрлігі QazTrade-мен бірлесіп өтінімдерді автоматтандыру жұмысын жүргізді. Өзгерістер құжаттарды өңдеуді жеделдетуге, сараптаманың ашықтығына бағытталған. Жаңа жүйені тестілеу үшін бизнес өкілдері тартылды. Біз процесті мемлекеттік қолдау алушыларға барынша бағдарлауға тырыстық, — деп атап өтті Қайрат Төребаев.
Өтелуге жататын шығындарға экспорттаушылардың өнімді жылжытуға, шетелде филиалдарды, сауда алаңдарын, қойма мен сауда сөрелерін ұстауға, біздің елден тыс жерлерде тауар белгілерін тіркеуге арналған шығыстары, индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерін шетелдік сертификаттау мен аккредиттеуден өтуге, тауарларды автомобиль, теміржол, әуе, теңіз көлігімен жеткізу шығындары және басқалары жатады.
Тауарларды теміржол көлігімен жеткізу отандық экспорттаушылардың ең үлкен сұранысына ие болуда.
2022 жылы азық-түлік өндірушілері салалар бойынша дәстүрлі белсенділік танытты. Олардың басым бөлігі май, ұн, нан-тоқаш, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер, макарон өнімдері, ауыз су мен сусындар, балық өңдеуші компаниялар және басқалар. Өткен жылы экспорттаушы агросектор компанияларының жалпы сомасы 3,7 млрд теңге болатын 229 өтінімі мақұлданды.
2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда өтінімдердің барлық түрлері бойынша өтемақы көлемінің өсуі байқалды. Қағаз және қағаз өнімдерін өндірушілердің өтінімдері бойынша төлемдер айтарлықтай өсті – 5,5 есе, химия өнеркәсібі өнімдері – 4,7 есе, балық өсіру кәсіпорындары – 4,5 есе, тоқыма бұйымдарын өндірушілер – 3,8 есе.
2022 жылы өтінімдердің ең көп мақұлданған саны Қостанай облысы, Алматы қаласы, Алматы, Қарағанды, Павлодар облыстары және Шымкент қаласы экспорттаушыларының үлесінде болды.
Негізінен кәсіпорындар дайын өнімді жақын елдерге жөнелтті. Оның ішінде қазақстандық тауарлардың 17,8%-ы Өзбекстанға экспортталды, Ресейге экспорттың 16,1%-ы тура келді, одан әрі Ауғанстан, Тәжікстан және Қырғызстан. Осы бестіктен басқа отандық компаниялар өнімдерді Еуропа елдеріне, сондай-ақ БАӘ, Канада, АҚШ және басқа да алыс шет елдерге жөнелтті.
QazTrade-нің Бас директоры Нұралы Бөкейхановтың айтуынша, биыл бірінші кезекте 2022 жылдан қалған өтінімдер қаралатын болады. Бұл 7 млрд теңге болатын 300-ге жуық өтінім.
2022 жылы экспорттаушы компанияларға шығындарды өтеуге барлығы 8,85 млрд теңге бөлінді.