Облыс орталығында «Жас биолог – зерттеуші» байқауы өтті. Сайысқа өңірдің мектептерінен 40-қа жуық оқушы қатысып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын қорғады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Байқаудың мақсаты – биология пәнін терең меңгеруге құлшыныс танытып жүрген оқушыларды анықтап, олардың ғылыми еңбектерін тәжірибеге енгізу. Биылғы сайыс осымен бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Оған 5-11 сыныптарда оқитын жасөспірімдер қатысты.
– Байқау қатысушылары жас ерекшеліктері бойынша екі топқа бөлінген. 5-7 сыныптарда оқитындар өз араларында, ал 8-11 сынып оқушылары өз араларында үздік ғылыми жұмыстың авторын анықтайды. Биология мен химия пәнін терең меңгергендердің әр зерттеуі маңызды деуге болады. Олардың арасында жобасын бизнеске айналдырғандар да бар. Мысалға, гидропоникада микроөсімдіктерді өсіру бойынша әзірленген жұмыс инвесторлар тарапынан қолдау тапты. Бүгінгі күні бұл оқушының жобасы шағын бизнеске айналды, – дейді Оқушылар сарайының бөлім меңгерушісі Лариса Воробьева.
Облыстық байқауда жеңіске жеткен жобалардың авторлары республикалық сынға қатысу мүмкіндігіне ие бола алады. Биылғы сайыста топ жарғандарға бағалы сыйлықтар қарастырылғанын атап өткен жөн.
«Жас биолог – зерттеуші» байқауы осымен қатарынан 5 жыл өткізіліп отыр. Конкурсқа қатысушылар екі жас деңгейінде бақ сынады, бірінш топ 5-7 сынып аралығындағы оқушылар ауыл шаруашылығы және биология саласында жұмыстарын қорғаса, ал екінші топ 8-11 ші сынып оқушылары медицина, биотехнология және экология бойынша ғылыми жобаларын ұсынды.