Петропавлда ҚР ІІМ спартакиадасы мен «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының ведомствоаралық спартакиадасының бағдарламасы шеңберінде құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдардың қызметкерлері арасында қазақ күресінен жарыс өтуде. Биылғы турнир Ұлы Отан соғысының қатысушысы, милиция генерал-майоры Ахмет Тұмарбековтың 100 жылдық мерейтойына арналды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жарыстың салтанатты ашылуына Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Олжас Ыдырысов қатысып, спорт пен дене шынықтыру саласын дамытуға, «Динамо» ДШСҚ және күштік құрылымдардың имиджін көтеруге үлес қосқаны үшін спортшылар мен күштік құрылымдардың қызметкерлеріне Құрмет грамоталарын табыстады.
Биылғы турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен 176 погон таққан спортшы қатыспақ. Барлығы 32 команда бақтарын саралайтын болады.
Кілемдегі кездесулер Петропавлдағы Александр Винокуров спорт сарайында өтуде. Республиканың түкпір-түкпірінен келген погондағы 176 спортшы өздерінің төзімділігі мен шеберлігін сынауға жиналды. Олар 32 команданың намысын қорғамақ. Жекпе-жектер алты салмақ дәрежесі бойынша өтіп жатыр.