Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстың 57 ауылында 69 жоба жүзеге асырылады. Бұл мақсатқа 11,8 млрд. теңге қарастырылып отыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық экономика басқармасының жетекшісі Қуанышбек Қалижановтың айтуынша, өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 49 жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде 36 елді мекенде 18 білім беру ошағы, 3 денсаулық сақтау, мәдениет саласына тиесілі 7 ғимарат жөнделді. Бұған қоса, ауылішілік жолдардың 45,4 шақырымы қалыпқа келтірілді.
– Биыл мемлекеттік бағдарламаның арқасында 14 мәдениет ошағы, 21 білім беру нысаны, 5 спорт ғимараты, 18 ауылдың жолы жөнделеді деп күтілуде. Сондай-ақ электр қуатымен жабдықтау, жылу және сумен қамту мәселелері шешілмекші, – дейді Қуанышбек Қалижанов.